Ақтауда иісшіл иттің көмегімен екі нашақор ұсталды
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 7-шағынауданда орын алды.
Кешкі сағат 22.00 шамасында құрамында 3-сыныпты сержант Ғабит Ғадилов, қатардағы жауынгерлер Николай Николаев, Қанат Қасымов және кинолог маман Талғат Батыршин бар топ қызметтік ит Лизаның көмегімен №17 үйдің жанынан өтіп бара жатқан ер адамды ұстады. Ит ер адамның қасынан кетпей, үріп, белгі берді. Оны тоқтатып, тексерген кезде қалтасынан марихуана табылды.
Жарты сағаттай уақыттан кейін №21 үйдің жанында күдікті тағы бір ер адам қолға түсіп, оның да қалтасынан жасыл түсті есірткі заты салынған орама шықты. Лиза бұл жолы 48 жасар тұрғыннан есірткі исін сезді. Бұл ер адам да қалалық полиция басқармасына жеткізілді.
Қырағылығы мен кәсіби іс-әрекеттері үшін аталған жауынгерлер бөлім командирімен ынталандырылды.