Ақтауда карантин тәртібін бұзған жағажай басшылығы жауапкершілікке тартылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Карантин шараларын сақталуына мониторинг жүргізетін мобильді топ кезекті рейд өткізді. Облыс орталығындағы жағажайлардың бірінің басшылығына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, 115 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтауда карантин тәртібін бұзған жағажай басшылығы жауапкершілікке тартылды

Маңғыстау облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, мобильді топ «Достар», «Стигл», «Сансет», «Сая» демалыс базаларында рейдтер жүргізді.

«Достар» қонақ үй кешені мен жағажайда карантин режимнің бұзылуы анықталды. Мұнда әлеуметтік қашықтық, маскалық және дезинфекциялық режим сақталмаған, сондай-ақ бассейннің жұмыс істеуі тоқтатылмаған. Ақылы жағажай басшысы осындағы демалушылар санының сәйкестігін, адамдардың 2 метр радиуста арақашықтықта болуын бақылауы тиіс. Департамент мамандары кәсіпкерлерге барлық карантиндік шараларды сақтайды деген үмітпен ақылы жағажайларға жұмыс істеуге рұқсат берген еді», - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметінде.

Мобильдік топтыың жұмысы жалғасуда, заң бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда материалдар сот инстанцияларына жіберіледі. Ақтау қаласының әкімдігі жағалау аймағында жұмыс істейтін жағажайлар мен демалыс базаларындағы жағдай туралы хабардар етіп, ескерту жасады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ тұрғындары 8 747 654 0459 WhatsApp нөміріне карантин бұзушылар туралы хабарлай алады.