Ақтауда Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы жұмыс істейді
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау қаласында Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Динара Еңсеген мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, 2019 жылы 6 тамызда Ақтау қаласында Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылды. Орталықта жараланған немесе жағалауларда жалғыз кездескен итбалықтар зерттеліп, қоректендіріліп, емделіп, қайта өмір сүру ортасына жіберіліп отырады.
«Каспий проблемалары ғылыми-зерттеу институты Ақтау филалының кешенді бағдарламасын жасақтау үшін облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. «Астана» халықаралық ғылыми кешені «Маңғыстау облысы бойынша экологиялық жағдайды жақсартудың 2026 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бағдарламасын» жасақтап аяқтады. Бағдарламадағы 27 ғылыми-қолданбалы зерттеу жобасын іске асыру үшін тиісті органдарға жіберілді», - деді Динара Еңсеген.
Сондай-ақ Каспий итбалығы популяциясы санының динамикасын зерттеу, қауіп факторларын кешенді бағалау және оларды азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында 2009 жылдан бері Каспий теңізіндегі аралдарға экспедиция ұйымдастырылып келеді.