Ақтауда Каспий теңізінің жағалауынан құстардың өлексесі табылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Жылы жағажай аумағында жатқан қанаттылардың оннан астам өлексесін туристер байқап, мамандарға хабарлаған.

Осыған орай, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері 21 сәуірі күні аталған аумаққа яғни, Ақтау қаласының Aktau Riviera және Rixos Golf & Villas демалыс орындары жағалауын қарау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 3 үйрек тектес құстың (поганка), 2 су құзғынының (большой баклан), 2 шағала мен 2 қасқалдақ өлексесін анықтады.

Мамандардың айтуынша, құстар шамамен 1 ай бұрын өлген. Себебі, денелері бүлініп, шіріп кеткен, ветеринарлық сынама алуға мүмкіндік болмаған. Бірақ, құстардың жаппай өлімі тіркелмеген.

- 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында Маңғыстау облысы аумағында құстардың көктемгі маусымдық миграциясы жүріп, мыңдаған құстар, оның ішінде үйрек тектес құстар, қасқалдақ, шалшықшы, сондай-ақ аққу, қоқиқаз және басқа да құстар облыс аумағына, оның ішінде теңіз жағалауларына, Қаракөлге келіп, наурыз-сәуір айында ұшып кетті. Осы мезгілде - бірнеше мыңдаған құстың миграциясы кезінде, әлсірегендерінің арасында олардың табиғи өлімі кездеседі. Соңғы кездегі теңізден соққан желдің салдарынан өлген құстардың денелері жағаға шығып қалған, - делінген аумақтық инспекция таратқан хабарламада.

Бұған дейін, Ақтауда оқушылар сыныптасының өкпесін қысып, талдырып тастағаны туралы жазған болатынбыз.
