Ақтауда Каспий жағалауындағы заңсыз берілген жерлер мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауынан коммерциялық мақсатта берілген 5,9 гектар жер сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті хабарлады.
Маңғыстау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында жер учаскелерінің заң талаптарын бұза отырып берілгені анықталған.
Атап айтқанда, Каспий жағалауындағы коммерциялық мақсаттағы жерлер міндетті сауда-саттық өткізілместен жеке тұлғаларға немесе кәсіпкерлік субъектілеріне берілген.
– Департамент жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде жер учаскелерін беру барысында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жер учаскелері сауда-саттық өткізілмей берілген, – деп хабарлады министрлік.
Анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін департамент Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз түсірген.
Сот істі қарап, департаменттің талаптарын толық қанағаттандырды. Нәтижесінде жалпы ауданы 5,9 гектар болатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Министрлік жер заңнамасының сақталуын бақылау және мемлекет мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда Жер кодексінің талаптарын бұза отырып берілген 36 гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Сот шешімімен кадастрлық құны 646,1 млн теңге болатын үш жер учаскесі мемлекетке өткен.