Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтауда кәсіпкер балаларға тегін балмұздақ таратқаны үшін айыппұл арқалады

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық кәсіпкер балаларға тегін балмұздақ пен йогурт таратамын деп әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

мороженое, балмұздақ
Фото: Kazinform

— Оқиға 1 тамыз күні 14-шағын ауданда орналасқан кәсіпкерлік нысандардың бірінде болған. Сауда орнының ашылуына орай кәсіпкер балаларға тегін 50 балмұздақ пен 30 йогурт үлестірген.

Алайда мұндай акцияны өткізер алдында жергілікті атқарушы органнан тиісті рұқсат алу қажет, — дейді қала әкімдігі.

Осы талап сақталмағандықтан, кәсіпкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс талаптарына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, кәсіпкерлердің мұндай бастамасына қарсылық жоқ, алайда тегін өнім тарату қолданыстағы заңнама талаптарына сай ұйымдастырылуы тиіс.

— Осындай іс-шараларды өткізер алдында жергілікті атқарушы органның тиісті рұқсатын алу қажет. Сондай-ақ балаларды қуанту үшін қауіпсіз әрі заңды тәсілдерді қарастырған жөн. Өйткені мұндай акциялар кезінде адамдардың жаппай жиналуы түрлі қолайсыз жағдайларға себеп болуы мүмкін, — деп мәлімдеді қала әкімдігі.

Бұған дейін, Маңғыстауда құтқарушылар жағалаудан қашықтап кеткен жұпқа көмектесті.