Ақтауда Қазақстан мұнайының 110 жылдығына арналған салтанатты жиналыс өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл бүкіл адамзат баласы мұнай өнімдерін игерудің 150 жылдығын атап өтсе, Қазақстан мұнайына 110 жыл толып отыр.
«Қазақстан Республикасы да әлемдегі ежелден мұнай өндіруші елдер қатарына жатады. Оның тарихы 1899 жылы Атырау облысының Қарашұңғыл елді мекеніндегі С. Леман экспедициясы қазған №7 ұңғыдағы 40 метр тереңдіктен жеңіл мұнай атқылауынан бастау алғаны белгілі. Сөйтіп, 1997 жылға дейін Қазақстан қойнауынан 617 миллион тонна мұнай, 110,969 миллиард текше метр жанғыш газ өндірілген» дейді Қазақстан мұнайы жайындағы деректі фильм мұрағаты.
Салтанатты жиынның шымылдығы қазақ мұнайының тарихын тізбелеп, Қазақстан мұнайын өндіру саласында атқарылған жұмыстарды паш ететін деректі фильмнің көрсетілімімен ашылды.
Қазақтан шыққан алғашқы мұнайшы-инженер, мұнай-газ саласының патриархыСафи Өтебаевтың 100 жылдығына арналған деректі кино да көрсетілді.
Маңғыстау облысының әкімі Қ.Е. Көшербаев мұнайшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды.
Мұнан кейін Маңғыстау облысының мұнай-газ саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың атынан наградалар тапсырылды.
«Қазақстан Республикасының мұнай-газ кәсібінің тұтастай даму тарихы тегеурінді ізденістер және ашылыстармен, табыстар мен рекордтарды орнатумен, қиыншылықтарды еңсеру және күрделі мәселелердің күрмеуін шешумен ұштасып жатыр. Осынау мерекені атап өту кезінде біз бағындырылған асуларға тағы бір мәрте шолу жасап, кен орындарын алғаш болып игеруді бастаған, мұнай мен газды өндіру, өңдеу және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың іргетасын қалаушы ардагер азаматтарды ерекше құрметпен еске аламыз. Бүгіндері теңдессіз алып кеніштерді игеріп жатқан ұрпақ аға буынның салып кеткен ізінен жаңылмай, олардың өнегесін біліп жүруі шарт», деді өз баяндамасында Қазақстан мұнайының 110 жылдығына арналған іс-шаралар өткізу жөніндегі комиссия төрағасы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Қайыргелді Мақсұтұлы Қабылдин.