Ақтауда «Қазақстан Республикасының мыңжылдықтағы даму мақсаттары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті
АҚТАУ. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембайқызы/ - Бүгін Ақтауда «Қазақстан Республикасының мыңжылдықтағы даму мақсаттары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Жиында 2000 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші сессиясында қабылданған Мыңжылдық даму мақсаттары бағдарламасының орындалу барысы талқыланды.
Мыңжылдық даму мақсаттары декларациясына әлемнің 200-ге жуық мемлекетінің басшыларымен бірге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын.
Сондықтан аталған бағдарламаның 8 мақсаты әлем елдерінің бәріне тән мәселелерді қамтиды. 2015 жылға дейін оларды шешу жолдарын табуға барлық елдер уағдаласқан.
Дөңгелек үстелге қатысушылар осы бағытта жасалып жатқан жұмыстардың есебін берді.
Ашаршылық пен кедейшілікті жою, жалпы бастауыш біліммен қамтамасыз ету, ерлер мен әйел теңдігін арттырып, әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту, бала өлімін азайту, аналарды қорғау, туберкулез және ЖҚТБ-мен күрес, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ даму мақсатында ғаламдық әріптестікті қалыптастыру - бағдарламадағы 8 мақсат осылар», дейді БҰҰ-ның ҚР-дағы үйлестіруші-резиденті Хаолянь Шу.
Бағдарламадағы кедейшілікті жою, жалпы бастауыш біліммен қамтамасыз ету және әйел құқықтарын арттыра түсу бойынша мақсаттар Қазақстанның стратегиялық даму бағдарламасында да қарастырылған.
Сондықтан олардың орындалу барысы Елбасы мен Үкімет және орталық атқарушы органдар тарапынан жіті қадағаланып отыр.