Ақтауда «Қазақтелеком» қызметкері жұмыс кезінде қаза тапты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда 21 қыркүйекте өндірістік жұмыс кезінде жазатайым оқиға болып, «Қазақтелеком» қызметкері қаза тапты. Қайғылы жағдайдың мән-жайы ресми тергеу барысында анықталып жатыр.

Ақтауда «Қазақтелеком» қызметкері жұмыс барысында қаза тапты
Фото: freepik

— 21 қыркүйекте Ақтауда жұмыс жүргізу кезінде жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан компания қызметкері қаза тапты. Қаза болған азаматтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр, соның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар компанияда қолданыстағы әлеуметтік кепілдіктер аясында тиісті төлемдер қарастырылған, — деп хабарлады «Қазақтелеком» АҚ баспасөз қызметі.

Компанияның хабарлауынша, қазіргі уақытта жазатайым оқиғаға қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті тергеу жүргізіліп жатыр.

Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда.

Бұған дейін Шымкентте күрестен Қазақстан чемпионы зауытта ток соғып, көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.