Ақтауда қоқыс шығарушы компанияларға тұрғындардан шағым көп
Ақтауда қоқыс шығарушы 8 компания бар. Тұрғындар тарапынан қоқыстың уақытылы шығарылмауына байланысты оларға шағым көбейген. Бұдан былай уақтылы тазалық жұмыстарын жүргізбеген комапниялар айыппұл төлейді, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қоқыс шығарушы компаниялардың уақтылы қоқыс контейнерлерді тазаламауы, күтіп ұстамауы туралы дәлелді материалдарды қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жібереді. Содан кейін қоқыс шығарушы компанияларға айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылмақ.
- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 802-бабының негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 425-бабының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу, яғни қоқысты уақытылы шығармау бойынша қоқыс шығарушы компаниялар 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді немесе сотпен компанияны жабуға дейін шешім қабылданады, - деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Асима Жарылғасова.
Сонымен қатар қалада кәсіпкерлік нысандар өздерінің қоқыстарын тұрғындардың қоқыс контейнеріне тастау жиілеген.
- Кәсіпкерлік нысандар, атап айтқанда дүкен иелері, кафелердің міндетті түрде қоқыс шығарушы компаниялармен келісімшарты болуы керек. Кәсіпкерлер өз қоқыстарын тұрғындардың қоқыс контейнеріне тастауына тыйым салынады. Кәсіпкерлік нысандардың (дүкен, кафе) бөлек өздерінің қоқыс контейнері болуы керек. Сондай-ақ қоқыс шығарушы компаниялардың контейнерлері санитарлық талаптарға сай болуы керек, - деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Әбдіғалиева.
Жауаптылардың айтуынша, қоқыс шығарумен айналысатын компаниялардың контейнерлері герметикалық болуы қажет және қақпағы болуы керек. Бұл контейнерлер босатылғаннан кейін міндетті түрде тазаланып, дезинфекциялануы керек.