Ақтауда қоқыс арасынан жаңа туған сәбидің денесі табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтаулық полицейлер қоқыс арасынан өлі күйінде табылған шақалақтың анасын іздестіріп жатыр. Нәрестенің денесін қаладан 20 шақырым қашықтықта орналасқан күл-қоқыс полигонының қызметкерлері тауып алып, тиісті орындарға хабар берген, деп жазады КТК.

Ақтауда қоқыс арасынан жаңа туған сәбидің денесі табылды

Арнайы көліктің жүргізушісі Бердәулет Кемалов қаладағы қоқыс контейнерлеріндегі тұрмыстық қалдықтарды әдеттегісінше тиеп, қала сыртына әкеп төккен. Ал, бөбектің жансыз денесін сонда қоқыс сұрыптап жүргендердің бірі тауып алыпты. Қазір тәртіп сақшылары жаңа туған сәбиді кімнің, қай жәшікке тастағандығын анықтаумен айналысып жатыр. «Адам өлімі»  бабы бойынша қылмыстық іс те қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

«Денені бөтелке  жинайтын келіншектің біреуі тауып алған.  Сөйтіп полицияға хабар берген. Сосын ертеңіне полицияға барып тапқан жерімді көрсетті», - дейді көлік жүргізушісі Бердәулет Кемалов.