Ақтауда көпбалалы аналарға «Алтын алқа» табысталды

АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда көпбалалы 44 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды. Олардың 11-і «Алтын алқаға» ие болса, қалған 33-іне «Күміс алқа» салтанатты түрде берілді.  

марапат
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, марапатқа ие болған аналарды шаһар басшысы Ұ.Тналиев құттықтап, балалардың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында көптеген жұмыс жасалып жатыр. Қазір қалада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 8 мектеп салынады. Бұдан бөлек, «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы екі мектеп салынуда. Ал балалардың саналы тәрбие алуын қамтамасыз ететін ол - аналар. Сондықтан аналар әрқашан құрметке лайық. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев марапаттау рәсімінде.

Өз кезегінде көпбалалы аналар да алғыс білдірді. Солардың бірі 42 жастағы Сайра Әбдімұратова 6 баланы тәрбиелеп отыр.

«Марапатқа ие болған барша ананы құттықтаймын! Балаларымыз аман болсын! Аналарға осындай құрмет көрсеткені үшін алғыс айтамын», - деді көпбалалы ана Сайра Әбдімұратова.

Соңғы жаңалықтар