Ақтауда көпқабатты үйдің жертөлесінде тауық баққандар анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда 31-шағын аудандағы «Дәулет» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жертөледен жағымсыз сасық иіс шығатынына және пәтерлерінде бүрге қаптап кеткеніне шағымданды. Олардың айтуынша, қолқаны қабатын иістің шыққанына біраз уақыт болған.
- Басында біз кішкентай балалар жертөлеге барып дәрет сындырады деп ойладық. Тіпті үйдің кіреберісінен мүңкіген сасық иіс шығып тұрады, - дейді тұрғындар.
«Бұл неғылған сасық иіс» деп жертөлеге барған тұрғындар жағаларын ұстаған. Себебі, тұрғындардың бірі үйдің астында тауық бағатын болып шықты. Ол жертөледе тауықкепе жасап қойған. 100-ге жуық балапан жүр.
Тұрғындардың мазасын алған бүрге де осы тауық кетектен келген болып шықты.
Осы оқиға бойынша Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі мәлімет берді. Айтуларынша, аталған тұрғын үйге қызмет көрсетуші мүлік иелері бірлестігінің төрағасымен қалалық тұрғын үй инспекциясы тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Жертөле екі күн бұрын тазартылып, тиісті улау жұмыстары жүргізілген.