Ақтауда көпқабаттың үйдің жертөлесінде қарақұрт пайда болды

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласындағы 13 шағын ауданда орналасқан 9 қабатты үйдің жертөлесінде қарақұрт байқала бастады. Тұрғындардың айтуынша, мұндай қауіпті жәндіктің ұялары пайда болған.

қарақұрт
Фото: pyxabay.com

Тұрғындардың үрейін ұшырған жағдайдан кейін Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы аталған нысанға қызмет көрсететін ПИК мамандарына зиянкес жәндіктерді жоюға тапсырма бергенін мәлімдеді. 

«Аса қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы еліміздің денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 қарашадағы № ҚР ДСМ-114 бұйрығы негізінде қара құрт аса қауіпті инфекциялық ауруларды таратушы жәндік болып табылмайды», — деді Ақтау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшының міндетін атқарушы Нұрлан Шырақбаев.

Оның айтуынша, қарақұрттың уы өлімге әкеледі. Алайда олар қыс кезінде жаздағыдай белсенді болмайды.

қарақұрт
Фото: Бауыржан Ниязқұлов

«Қарақұрт шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады. Аяқтарының жаны кетіп, құрысып қалады. Басы айналып, құсқысы келуі мүмкін, терісінде қызыл дақтар пайда болады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, қарақұрт шаққан ересек адам 7, ал балалар 5 күнде өліп кетуі мүмкін. Әсіресе жаз айында қарақұрттар тым белсенді болады. Бірақ олар өздігінен адамға шабуыл жасамайды. Сондықтан қарақұрт бар-ау деген далалы жерлерде абайлап жүрген жөн. Ал қарақұрт шағып алған жағдайда не істеу керек? Егер адамды қарақұрт шағып алса, ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішу керек, сонда у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Көрініп тұрған жараны қолда бар құралдармен: құрамында спирті бар заттармен немесе сутегі тотығымен залалсыздандырған жөн. Сонымен бірге жарақат алған адамды міндетті түрде Ауруханаға жеткізу керек. Мүмкіндігінше уақыт өткізіп алмаған жөн», — дейді Нұрлан Шырақбаев.

Маңғыстаулық белгілі эколог Әділбек Қозыбақов жәндіктердің қыстың күні пайда болуын күннің шамадан тыс жылынуымен байланыстырды.

«Жалпы қарақұрт басқа жәндіктер секілді көктемде шыға бастайды. Биыл Ақтауда күн ерте жылына бастады. Қаңтар айында бұрын болмаған жылылық байқалды. Соның да әсері шығар. Қыста бұрын қарақұрттың шыққанын байқамаппын. Негізінен олар наурыз-сәуір айында шығатын. Жаһандық климаттың өзгеруі жәндіктердің ерте пайда болуына әсер етуі мүмкін», — дейді ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов.

Мамандар өте улы саналатын қарақұрт көбіне далалы, шөл-шөлейтті жерлерде мекендейтінін айтады. Оның уы жылан уынан 15 есе күшті көрінеді. Денесі шағын, түсі қара, құрсағында қызыл дақтары бар. Бірнеше көзі барына қарамастан олардың көру қабілеті нашар. Тек заттың түсі мен қозғалысын ғана ажырата алады. Айта кететін жайт, ұрғашы қарақұрт өте улы болып келеді. Мәселен, оның уы түйе мен жылқыны бірден өлтіріп жіберуі мүмкін екен.