Ақтауда құрылысшылар бір отбасының төрт адамын суға батып кетуден құтқарып алды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда құрылысшылар «Шора» арнасына батып бара жатқан төрт адамды құтқарып алды. Олардың бәрі - бір отбасы мүшелері, деп хабарлайды ҚазАқпарат tumba.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің мәлімдеуінше, екі кішкентай қызы бар ерлі-зайыпты отбасымен арнаға түсіп шомылмақ болады. Бір кезде олардың барлығы суға бата бастайды.
Сол маңда жұмыс істеп жатқан құрылысшылар жедел көмекке аттанған. Олар жапа шегушілерді судан шығарып, дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсеткен. Содан кейін құтқарушылар мен полицейлерді, жедел жәрдемді шақырған.
«Батыл жігіттерге алғыс білдіреміз. Олар барлығын дұрыс істепті. Бастысы, олар қатер төнген адамдарды ажалдың аузынан алып шықты. Олар - Мейрамбек Жиенбаев пен Қанат Қуатбаев. Түгел бір отбасыны құтқарғаны үшін оларға көп алғыс айтамыз», - дейді ТЖД өкілі Рукия Сычева.