Ақтауда қызымен бірге үшінші қабаттан секірген әйел полицейлерден қашқан

Оқыс оқиға 17 қазан күні кешкі 22:00 шамасында 11-ықшамаудандағы 29-үйде болды. Бес қабатты үйдің түбінде жатқан әйел мен жас қызды көрші үйдің тұрғыны байқап қалған. Олар қазір Маңғыстау облыстық ауруханасында жатыр.
Әйел 1977 жылғы, ал қызы 2002 жылы туған. Олар құлаған жерден жастықтар табылған. Соған қарағанда биіктен жұмсақ түсу үшін жастық құшақтап секірген көрінеді.
Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, олар травмотология бөліміне ауыстырылды. Қазіргі денсаулық жағдайлары тұрақты.
«Тергеу амалдары барысында Шымкент ІІБ КПБ-інің екі жедел қызметкері ОҚО ІІД басшысының ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу жөніндегі бұйрығымен Ақтау қаласына келгені анықталды. Олар әйелдің мекен-жайын анықтаған. Ол Ақтауда өзінің кәмелеттік жасқа толмаған қызымен тұрған. Екеуі 11-29-83 мекенжайындағы жалдамалы пәтерге жеткізіледі. Кейін әйел мен қызы балконнан секіріп кеткен», - деп хабарлады Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Ведомство аталған оқиға материалдары ҚР ҚК-інің 362-бабы 4-бөлімінде көзделген «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін мәлім етті.