Ақтауда «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6 мың текше метр су тұщытатын қондырғы іске қосылды

су құбыры
Фото: Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласында жазғы уақыттағы су тапшылығын азайту мақсатында жоспарланған жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Алдағы тамыз айына 2 жоба іске қосылмақ. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 000 текше метрден 40 000 текше метрге дейін ұлғайту» жобасы аяқталуға жақын. Құрылыс монтаж жұмыстары 95% орындалды. Бүгінгі күні техникалық жабдықтар кедендік рәсімдерден өтіп, зауытқа жеткізілді. 

Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, тамыз айында облыс тұрғындарына ауыз су беріле бастайды. 

— Шілде айының соңына дейін монтаж жұмыстарын толық аяқтап, ал тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда, облыс тұрғындарын келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, сабырлық танытуды сұраймыз, — деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.

Сондай-ақ, Маңғыстау атом энергия комбинатында ОСЖТ-2 (екінші орталық сумен жабдықтау торабы) аумағында тәулігіне 6 000 текшеметр су тұшытатын қондырғылары іске қосылды.

Аталған қондырғыларды сатып алу үшін 2023 жылы «ЖанСу 362» ЖШС-мен шарт жасауға облыс бюджетінен қаржы бөлінген еді. 

— Тұщыландыруға арналған бастапқы су Құйылыс-Меловое кен орнынан шығатын жерасты суы. Қазір монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Жақын күндері қала тұрғындарына тәулігіне 6000 текше метр көлемінде ауыз су қосымша беріледі, — деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы Мұхамед Жүсіп.

Кеше Ақтауда тұрғындар 19 бен 16 шағын аудандардың ортасындағы автокөлік жолын жауып, жергілікті биліктен су беруді талап еткен болатын. 

Полиция қызметкерлері жол көлік апатының алдын алу мақсатында, жиналғандардан жолдан шығуды сұрады. Содан соң тұрғындарға Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали келіп, ауыз су тапшылығын жою үшін жасалып жатқан шараларды түсіндірді.

Маңғыстау атом энергия комбинатының өкілі Владимир Васильев қалада қайтадан су тапшылығы басталғанын мәлімдеді. Оған аптап ықтықтан теңіз суының жылынуы мен ауыз суды тұтыну көлемінің артуы себеп болған. Ал теңіз суының температурасы көтерілгенде комбинаттың су өндіру көлемі төмендейді. Осыған орай, кешеден бері Ақтауда көлік жуу орындарының жұмысына уақытша шектеу қойылды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram