Ақтауда Маңғыстау облысы этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы аталып өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы корей ұлтының 80 жылдығы және Маңғыстау облысы этномәдени бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толуына орай облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында салтанатты шара өтті. Сонымен қатар жергілікті суретшілердің жұмыстарынан жасақталған және этномәдени бірлестігінің қолданбалы шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
1937 жылдары 100 мыңдай қиыр шығыс кәрістері еліміздің әр аймағына жер аударылған болатын. Жолдан әбден қажып, қалжыраған корей ұлтын қазақтар болмысына сай құшағын айқара ашып, емін-жарқын көңіл күймен қарсы алды.
Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген қазақ халқы тағдырлас корей халқының жан азабын терең түсініп, бауырына басты. Бүгінде облыста 800-ден астам кәріс ұлтының өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл - екі елдің өзара ынтымақтастығы мен бірлігінің белгісі.
Өткенге көз жүгіртсек, 1989 жылы Ақтау қаласында тұратын кәрістердің құрылтай съезі өтіп, онда кәріс ұлттық мәдени орталығы құрылған болатын. Содан бері өз жұмысын тоқтатпаған этномәдени бірлестік қазіргі күні облысымыздың барлық шараларына белсенді қатысып жүр.
«Бүгінгі таңда еліміздегі кәріс ұлтының өкілдері Қазақстанның ажырамас бөлігіне айналды. Посткеңестік кезеңдегі басқа елге қоныс аударуға қарамастан, кейбір ұлттар Қазақстанда тұрақты өмір сүруді қалады. Қазақ елін олар өз үйіндей сезінді. Ақтаудың қала болып қалыптасуына үлесін қосқан түрлі ұлт өкілдерінің арасында сіздердің де орындарыңыз бір төбе», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.