Ақтауда мереке күні алып сәби дүниеге келді

сәби
Фото: pixabay.com

АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда мереке күні Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығында алып сәби жарық дүние есігін ашты. 

Перинаталдық орталық мамандары нәзікжандылар қауымының атаулы мерекесі күні 20-дан астам сәби өмірге келгенін атады.

«8 наурыз күні біздің орталықта 22 сәби жарық дүниеге келді. Оның ішінде 13 ұл, 9 қыз бала бар. Айта кететін жайт, олардың ішінде алып ер баланы анасы аман-есен босанды. Оның салмағы - 5 келі 380 грамм. Ал сәбилердің арасында ең жеңілі 2 700 грамм шамасында болды. Екеуі де ер бала», - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева.

Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Мұнайлы ауылына қарасты Батыр ауылында тұратын алып сәбидің анасы 37 жастағы Жаңылсын Жумағамбетова ұлының есімін өзі қойғанын айтты.

«Бөпенің жағдайы қалыпты. Өзімнің де денсаулығым өте жақсы. Нұрдәулет - біздің отбасыдағы үшінші бала. Бұған дейін тұңғыш ұлым 4 келіге жуық болып дүниеге келсе, қызым 4,5 келі болып туды. Сәбиімнің жағдайын дәрігерлер жақсы деп бағалады. Әзірге осы перинаталдық орталықта боламыз», - деді Жаңылсын Жумағамбетова.

Соңғы жаңалықтар