Ақтауда оқушыларға сабақ болмайды деген ақпарат жалған - әкімдік
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда белгісіз біреулер көктайғаққа байланысты қала мектептерінің 0-12 сынып оқушыларына сабақ болмайтыны жөнінде хабарлама таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін WhatsApp мессенджерінде мынадай ақпарат пайда болды: «Ақтау қаласының Білім басқармасы хабарлайды: ауа райының қолайсыздығына байланысты қала мектептерінің бірінші және екінші ауысымындағы 0-11 (12) сынып оқушыларына және колледждердің 1-2 курс студенттері үшін сабақ болмайды».
Осыған байланысты қала әкімінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жазба жариялады.
«Құрметті қала тұрғындары! Әлеуметтік желілерде және ата-аналар чатында осындай SMS тарап жатыр. Яғни, хабарламада сабақ болмайтыны жазылған. Алайда, бұл ақпараттың жалған екенін айтқымыз келеді. Сондықтан, мектептер мен колледждерде сабақ қалыпты жағдайда өткізіле береді. Егер қандай да себептермен сабақ болмайтын болса, қала әкімдігі ресми түрде хабарлайды. Сондықтан, мұндай жалған ақпаратқа сенбеңіздер», - дейді қала әкімінің баспасөз қызметі.