Ақтауда өңірдегі ең үлкен спорт сарайы салынды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда Маңғыстау облысындағы ең ірі спорт нысанының - «Маңғыстау Арена» спорт сарайының құрылысы аяқталды.
Ғимараттың аумағы - 10 мың 300 шаршы метрді құрайды. Спорт сарайы 2,5 гектар аумақта орналасып, 20-дан астам спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Нысан Қашаған жобасының оператор-компаниясы бөлген 3 млрд 300 млн теңгеге салынды. Оның құрылысына бюджеттен қаржы бөлінбеген. Ғимарат пайдалануға беруге толықтай дайын, нысанның ресми түрде салтанатты ашылуы жуық арада өткізіледі.
«Спорт сарайында 5 зал бар, оның ең үлкенінің аумағы 14 мың шаршы метрді құрайды. Ол жеңіл атлетикаға арналған. Жүгіру жолағы, граната лақтыру аумағы бар. Түрлі деңгейдегі чемпионаттарды өткізуге арналған үлкен зал бар. Бұл жерде 540 көрерменге арналған орындық қойылды. Бір уақытта екі алаң орнатып, жаттығу жасай беруге мүмкіндік бар. Шағын футбол, баскетбол, волейбол, үлкен теннис ойнауға болады. Жекпе-жекке арналған орташа залымыз да, кіші залымыз да бар. Карате, бокс, грек-рим күресі, таэквондо, дзюдо, қазақша күрес жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спорт сарайында фитнеске арналған арнайы жаттығу залы, ауыр атлетикамен айналысуға мүмкіндік беретін тренажер залы салынған. Әр залдың өзінің әйелдер мен ерлерге арналған жуыну бөлмесі, бапкерлер кабинеті бар», - деді «Маңғыстау Арена» ҚММ басшысы Зейнулла Оңайбаев.
Сонымен қатар, спорт кешенінде хамам моншасы мен саунасы бар шағын бассейн, екінші қабатта асхана, спорт дүкені қарастырылған. Бұл жерде бір мезгілде 200 спортшы, ал күніне 1 500 адам жаттыға алады.
Ақтауда бұл спорт сарайының құрылысы 2014 жылы басталған. Тапсырыс беруші - «Маңғыстау Құрылыс Инвест», ал мердігер - «Нурсат» ЖШС.