Ақтауда пандустан құлаған мүмкіндігі шектеулі тұрғынға 1,5 миллион теңге төленді

АҚТАУ. KAZINFORM – Оқиға биыл 18 қаңтарында болған. Мүгедектігі бар тұрғын мемлекеттік мекеменің ғимаратының кіре берісіндегі пандустың тарлығынан және биік болуынан, арбамен жерге құлаған.

Инвалидная коляска Мүгедектер арбасы
Фото: Kazinform

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай, ол орта дәрежедегі дене жарақатын алған.
Мүмкіндігі шектеулі тұрғын ем қабылдауға, дәрі-дәрмектер алуға кеткен материалдық және өзіне келген моралдық залалдарды өндіруді сұрап, сотқа арызданды.

Осы оқиға бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мемлекеттік мекемеге қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде, мекеменің пандусы «Ғимараттар мен имараттарды халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау» ережелер жинағының 3.06-101-2012 4.3.2.30 және 3.06.-101-2012 4.3.2.2. тармақтарына сай келмейтіні, яғни пандустың екінші сатысының көлбеуі жоғары және ғимараттың пандусының кіре беріс алаңының көлемі тар екені анықталды.

Сотта мемлекеттік мекеменің кіре берісіндегі пандустың заң нормаларына сәйкес келмеуінен, талап қоюшы тұрғын дене жарақаттарын алғаны, оған материалдық және моральдық залалдар келгені анықталды.

Сондықтан сот шешімімен мемлекеттік мекемеден мүгедектігі бар тұрғынның пайдасына 500 мың теңге материалдық және 1 миллион теңге моральдық шығын өндірілді.

Соңғы жаңалықтар