Ақтауда «Патриоттық такси» іске қосылды

АҚТАУ. KAZINFORM - Бүгіннен бастап қалада ерекше такси қызмет көрсете бастады. Көлік жүргізуші тұрғындарды діттеген жеріне тегін жеткізеді. Сондай - ақ рәміздер, тарихи тұлғалар туралы патриоттық сұрақтарға жауап берсе, сыйлық береді.

Патриоттық такси
Фото: Аягөз Ізбасарова

Ақтау қаласының тұрғыны Әлия Исаева бұл бастамаға көптен әзірленіп, бүгін мереке күні жүзеге асырды.

- Арнайы Қазақстан Республикасының рәміздерін насихаттау мақсатында бастадым. Мен қазақпын деген азаматтың бойында патриоттық сезімді оятып қана қоймай, ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеймін, - дейді ол.

Патриоттық такси тұрғындардың қызығушылығын оятты. Алғашқы жолаушылардың бірі Қазбек Мырзағұлов көлікті алыстан байқап тоқтатқанын айтады.

- Өзіміздің көк туымызбен көмкерілген көлікке отырғым келді. Міне, тегін жеткізіп салды. Елімізге қатысты, елтаңбаға қатысты сұрақтар қойды. Шамам келгенше жауап беріп, сыйлық алдым. Күшті көңіл-күйде тұрмын. Елімізде осындай жастардың патриоттық сезімін оятатын бастамалар көп болса екен, - дейді қала тұрғыны.

Патриоттық таксиді безендіруге 1 миллион жарым теңге қаражат жұмсалған. Жобаны Маңғыстау облыстық әкімдігі қолдап, қаржыландырған.

Патриоттық такси аптасына бір рет, кешкі сағат 17-00 ден 20-00 ге дейінгі аралықта қатынайды. Жобаның аясында қала көшелеріне мемлекеттік ту ілініп, қоғамдық автобустар да безендірілген.

Патриоттық такси
Фото: Аягөз Ізбасарова