Ақтауда проблемалар картасы жасалды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес мекемесі Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен Ақтаудың проблемалар картасын жасады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Карта қысқа уақытта қаланың тағдырына бей-жай қарамайтын қалалықтар, белсенділер, еріктілер жеткізген хабарламаларымен толып қалды. Бүгінде оның саны 150-ден асты, олар: абаттандыру, балалар алаңы, жол, ойын кешені, қоқыс, жарықтандыру сияқты мәселелерге қатысты болып келеді. Тізімнің басында абаттандыру проблемасы тұр - 86, жол бойынша 92 хабарлама түсті.
«Ақтау проблемалар картасы қалада қалыптасқан әлеуметтік мәселелер бойынша ашық пікірталас жүргізу, қарапайым халықтың, тәжірибесі бай түрлі сала өкілдерінің идеяларын ескеру үшін дайындалды. Олардың білім әлеуеті, дағдылары бізге өте пайдалы болуы мүмкін. Әрине, онда түрлі жаңалықтар да бар. Картаны тиісті ақпараттармен толтыру мәселесі туралы айтар болсақ, онда 250-ден астам проблема туралы айтылды. Ақтау қаласының әкімдігі бұл ресурсқа назар аударады деген ойдамыз. Ақтауда қоғамдық кеңестер де бар. Бірақ оның мүшесі болуға әркімнің мүмкіндігі жоқ. Кеңес жұмысының өзі бізде бірқатар мәселелер тудыруда, ал бұл интерактивтік интернат-портал әрқайсымыздың басқару үдерісіне қатысуымызға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Эко Маңғыстау» директоры Кирилл Осин.
Порталды әзірлеуге 550 мың теңге шығындалды, шілдеде карта толған кезде ҮЕМ қала әкімдігіне қалалықтар анықтаған проблемаларға жедел ден қою үшін картаның мүмкіндіктерін көрсетуге, таныстыруға ниетті.