Ақтауда «Ралли Қазақстан - 2017» автожарысының бірінші кезеңі аяқталды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда халықаралық автомобиль федерациясының ралли-рейд автожарысының бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ақтау қаласының маңында өткізілген жарыс автомобиль орталығынан басталып, қала ішіндегі Шевченко бекінісіне дейін жалғасты. Жол ұзақтығы 268 км. Бірінші болып автошабандоз Катар шейхі Нассер Аль-Аттия келді. Ол «Дакар» ралли-марафонының екі мәрте, FIA-ның Шығыстағы ралли чемпионатының 12 мәрте жеңімпазы.
«Мен 2009 жылы Қазақстанда өткен «Жібек жолы» автожарысына қатыстым, ол кезде Жаңаөзен аймағынан өткенбіз, ал Ақтауға алғаш келуім», - дейді Аль-Аттия.
Жарыстың бұл кезеңі Маңғыстау облысының ойлы-қырлы жерлерінде өткізіліп жатқандығын естеріңізге саламыз.
Командалар автожарыстың үйлестірушісі Сергей Таланцев ұйымдастырған қашықтығы 2500 км жолмен жүріп өтеді.
«Ралли Қазақстан - 2017» небары алты кезеңнен тұрады. Жарысқа әлемнің 15 елінен 25 экипаж қатысуда. Олар: Қазақстан, Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Ресей, Украина, Польша, Литва, Германия, Чехия, Беларусь, Нидерланд, Словения, Франция.
«Биылғы жылы Қазақстан алғаш рет әлемнің әйгілі кубогын өткізу мәртебесіне ие болды. Бұл тек ұйымдастырушылар үшін ғана емес, ралли-рейд бойынша халықаралық автомобиль федерациясының күнтізбесіне енген біз үшін де үлкен жетістік», - деді ҚР автомотоспорт федерациясының президенті Мұрат Әбіқаев.