Ақтауда рұқсатсыз шеруге шыққан мұнайшыларға қатысты полиция қолданған шаралар заңға қайшы емес - Бас прокуратура

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақтауда рұқсатсыз шеруге шыққан мұнайшыларға қатысты полиция қолданған шаралар заңғы қайшы емес.

Ақтауда рұқсатсыз шеруге шыққан мұнайшыларға қатысты полиция қолданған шаралар заңға қайшы емес - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өміралиев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Ақтау қаласының прокуроры заңсыз акцияға қатысушыларға жергілікті атқарушы органдардың рұқсатынсыз мұндай шараны жүзеге асыруға болмайтындығын түсіндіріп, шеруге қатысушыларды шараны тоқтатуға шақырды. Алайда шеруге қатысушылар заңға мойынсұнбады. Нәтижесінде полиция қызметкерлері оларды ұстап, әкімшілік жазаға тартуға мәжбүр болды. «Тәртіп сақшылары бұл ретте заңда көрсетілген талаптарға сай қимылдады. Осыған байланысты біз де өз тарапымыздан жағдайды реттеуге байланысты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты шаралардың заңға сай болуын қадағалап отырмыз»,-деді ресми өкіл.

Естеріңізге сала кетейік, жексенбі, маусымның 5-і күні 150-ге жуық, негізінен «АрғымақТранСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері, Ақтау қаласының «Ынтымақ» алаңында заңсыз шеру ұйымдастырып, Қаражанбас кенішіндегі баскөтерулер кезінде жұмыстан босатылған азаматтардың барлығын бұрынғы жұмыстарына қайтаруды талап еткен. Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев заңға қайшы әрекеттердің орын алмауы қажеттігін түсіндіргенімен шерушілер прокурордың ескертуіне қарамастан, көшелердегі қозғалысты тоқтатып тастауға тырысты. Заңбұзушылық әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында полиция қызметкерлері шерушілерге қатысты күш қолданбай оларды таратуға тырысты. Алайда шерушілер қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларын оларды тұтқындауға шара қолдануға мәжбүр етті. Осыған байланысты ішкі істер органдарына 37 азамат жеткізілді.