Ақтауда салынып жатқан оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығының құны 1 млрд. теңгені құрайды

Бұл деректі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев www.bnews.kz порталында өткен Online-конференция барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарт.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық талапқа толығымен сай келетін орталықтың дәрігерлік қосыны, спорт залдары, бассейні болады. Қ. Әбішев сонымен қатар ел экономикасының әлеуеті жетіп, мемлекетіміздің күш-қуаты бұдан да арта түссе, әр облыста осындай орталықтардың салынатынына үміті бар екендігін де жеткізді.
«Жалпы «Нұрлы көш» бағдарламасының басты мақсаты - оралмандарды бейімдеп, қоғамға сіңірудің жеңіл жолын табу. Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша топтап, яғни 150-200 отбасынан орналастыру көзделген. Осындай мақсатпен келесі жылы 6 жоба жүзеге асады. Бұл қандастарымыздың әр жерде түртпектеп жүрмей, бір-бірімен көрші болып, өздерін-өздері басқарып, тілдік орталығы бір болсын, ағайын-туысымен бірге келсін деген ойдан туындаған», деді ол.