Ақтауда саңырау жандардың жайы мәз емес

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда саңырау мүгедектер қоғамының мүшелері ғимараттың жоқтығынан, әр жерде кабинет жалдауға мәжбүр. Бұл туралы “Маңғыстау саңырау мүгедектердің қоғамы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Вера Чувакбаева Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтты.

саңырау жандар
Фото: Вера Чувакова

Бүгінде саңырау мүгедектер қоғамында екі жүзге жуық адам бар. Олардың көбі жастар. Ең кішісінің жасы - 18 де. Вера Чувакбаеваның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек қатынастары, құқықтық және тұрмыстық мәселелер бойынша мүлдем қорғалмаған. Олардың басты мәселесі - тұрақты жиналатын орынның жоқтығы.

саңыраулар қоғамдастығы
Фото: Вера Чувакова

- Біздің негізгі міндетіміз - жұмысқа орналасуға, құжат жинауға заңды тұрғыда көмектесу, кеңестер беру, аударма жасап, тіл үйрету. Саңыраулар қоғамында көптеген мәселе бар. Тұрақты орын жоқ, әртүрлі жерлерде кабинеттер жалдауға тура келеді. Әкімдіктен бізге кез келген үй-жайды тегін бөлуді сұрадық. Бірақ қалалық әкімдік мәселені шешуден бас тартып, бос орын жоқ екенін айтты, - дейді Вера Чувакбаева.

саңыраулар қоғамдастығы
Фото: Вера Чувакова

Вера Чувакбаеваның айтуынша, саңырау жандар жәрдемақының аздығына, саңырау отбасының дені сау балаларына мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдік жоғына шағымданады. Мәселен мүгедек балаға төлқұжат тегін берілсе, саңырау ата-ананың дені сау баласына аталған қызмет ақылы көрсетіледі.

- Мүгедектігіне байланысты олар небәрі 68 мың теңге алады. Оған күнелту қиын. Бұл жандар жақсы жалақысы бар жұмысқа да орналаса алмайды. Ол үшін білім керек. Жұмыс орындарында өздерінің қауіпсіздігі үшін де қорқады. Жалпы, мектеп бітірген саңырау жастардың ары қарай университетте білім алуын қамтамасыз ету керек, - дейді қоғамдық бірлестіктің жетекшісі.

саңыраулар қоғамдастығы
Фото: Вера Чувакова

Вера Чувакбаеваның ата-анасы да есту қабілетінен айрылған жандар. Сондықтан ол бала күнінен ымдау тілін үйренген. Бойжеткен бүгінде сурдо аудармашы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2019 жылдан бері “Маңғыстау саңырау мүгедектердің қоғамы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі қызметін атқарады. 

Осы қоғамдық бірлестіктің арқасында екі жүзге жуық адамның басым бөлігі жұмысқа орналасқан.

Есту қабілетінен айрылған жандарды ғимаратпен қамту мәселесіне қатысты Ақтау қалалық әкімдігіне біз де сұрау салғанбыз.

- Сіздің сұранысыңыз бойынша қазіргі таңда қалалық әкімдіктің теңгерімінде бос ғимарат жоқ, - деп жауап берілді.

Бұған дейін Ақтауда оқушылардың мектепке кіреберісте тапталып қала жаздағанын жазған болатынбыз