Ақтауда сексенге жуық көпбалалы ана «Күміс алқа» иегері атанды

Көпбалалы аналар
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

АҚТАУ. KAZINFORM - Ақтауда 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күнінде 73 көпбалалы анаға «Күміс алқа» төсбелгісі табысталды. 

Бүгінде Ақтау қаласында 10 мыңға жуық көпбалалы ана тұрады. Қала әкімдігі жыл басынан бері 41 көпбалалы ананы «Алтын алқа», 106 көпбалалы ананы «Күміс алқа» төсбелгісімен марапаттаған.

Қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік іс-шарада қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали батыр аналарды мерекемен құттықтады.

«Ана - қоғамда өзіндік орны бар тұлға. Сіздер баланы тәрбиелеумен қатар, өз салаңызда адал қызмет етіп келесіздер. Тәрбиелеп отырған балаларыңыз еліміздің дамуына үлес қосатын үлкен азамат болсын деген тілек білдіремін. Баршаңызды халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Мереке құтты болсын!», - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.

Ақпан айында жергілікті әкімдік көпбалалы 44 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» тапсырған еді. Олардың 11-і «Алтын алқаға» ие болса, қалған 33-іне «Күміс алқа» салтанатты түрде берілді.

Соңғы жаңалықтар