Ақтауда Ш. Бөлтекұлының құрметіне V-ші халықаралық бокс турнирі өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Төрт күнге созылған додада Сирия, Қытай, Әзірбайжан, Түрікменстан, Украина, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан боксшылары қолғап түйістірді. Жарыс 10 салмақ дәрежесі бойынша өтті.
Аталған турнирде жеңімпаздар қатарында қазақстандықтардың үлесі басым болды. Алматы облысынан келген Мардан Берікбаев 49 килә салмақ дәрежесінде бірінші орын иеленсе, 52 килә салмақта маңғыстаулық Әли Байбұзов мықты атанды.
56 килә салмақта Ақмола облысының боксшысы Жандос Момынов, 60 килә салмақта Ақтөбе облысының спортшысы Берік Әбдірахманов ешкімге дес берген жоқ.
Ал 64 килә салмақ дәрежесінде Әзірбайжаннан келген Гайбатулла Гаджиалиев олжалы болса, астаналық Бақытжан Қожабек 69 килә салмақта, Маңғыстау облысының боксшысы Әділбек Ниязымбетов 75 килә салмақ бойынша жеңімпаз болды.
Ал қалған ауыр салмақ дәрежелері бойынша орындар шетелдік қонақтарға бұйырды. Олар: қырғыстандық Шыңғыс Борбашев (81килә), сириялық Мохаммад Госсун (91килә), Украина боксшысы Ростислав Архипенко (91-ден жоғары).
Жарыстың бас төрешісі АИБА ұйымының халықаралық санаттағы төрешісі Серік Әбденәлиев болды.
Ш.Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Бокспен студент кезінде шұғылдана бастаған ол қазақ жерінде әуесқой боксты үйретуді ең бірінші қолға алған ұстаз. Қазақ боксының атасы атанған Ш.Бөлтекұлы - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ.