Ақтауда студенттік жатақхана пайдалануға берілді

Жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдың желтоқсанында аяқталған. Іші кең әрі таза, заманауи жиһаздармен жабдықталған. Оқу залы мен демалыс бөлмелері бар. Интернет желісіне қосылған. Енді коворкинг орталығы ашылмақ.
«Өткен жылы Елбасы әрбір облыста жатақхана ашу туралы тапсырма берген болатын. Алдағы бір-екі жылда осындай жатақханамен 2600 студентті қамтамасыз етпекпіз. 210 орындық жатақхана солардың алғашқысы», - деді жатақхананың ашылу шарасында облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жатақханаға қоныстанған өнер колледжінің студенті Айнұр Жұмабаева Жаңаөзен қаласының тумасы. Бұған дейін ол пәтер жалдап келген.
«Өте қуаныштымын. Іші керемет. Бұл сәтті қаншама студент асыға күтті. Екі жыл бойы пәтер жалдап тұрдық. Студент болғандықтан бұл қиынға соғады»,-дейді ол.
Жалпы, қала бойынша мыңнан аса колледж студенті жатақханаға зәру.
«Жыл ішінде 670 жасты баспанамен қамтамасыз етеміз. Жергілікті бюджет есебінен 300 орынға студенттерді орналастырамыз. Өзіміздің баланстан - 160, қосымша көздерден 400 орын дайындап отырмыз», - дейді Маңғыстау облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлыбек Қойжанов.
Бұдан бөлек, 2 колледж жанынан 800 орынға дейінгі жатақхана және 17-шағынауданнан 500 орынға арналған жатақхана салу жоспарланып отыр. Осылайша, колледж студенттері 2021 жылы баспанамен жүз пайыз қамтылмақ.