Ақтауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті
АҚТАУ. KAZINFORM — Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері атсалысты.

Олар 34-шағын аудандағы «Ана мен бала» орталығының аумағы мен 35-шағын аудан ішін қоқыстан тазартты.
Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы заңды тұлғаларды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Арынбай Жаһангердің айтуынша, қаланың тазалығына әр тұрғын жауапты.

— Бүгін біз ұжым болып «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілікке қатысып жатырмыз. Барлықтарыңызды табиғатты қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуге шақырамын, — дейді Арынбай Жаһангер.
«Таза Қазақстан» акциясы — табиғатты қорғап, тұрып жатқан аумақты таза ұстауға бағытталған маңызды бастама. Мемлекеттік мекеме қызметкері осындай іс-шараларға тұрақты түрде атсалысып келеді.

— Мердігер мекемелер де қолдап жатыр. Олар қолғап, күрек, қапшықтар әкеліп, 10-нан астам техникамен қамтамасыз етті. Жалпы айтсам бүгінгі сенбілікке 400-ге жуық адам қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тауып жатыр. Қала тұрғындары аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға ниетті, — дейді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов.

Бұған дейін, Ақтау әкімдігінің инженерлік желілер өтіп жатқан жерге тұрғын үй салуға рұқсат беріп жібергені туралы жазғанбыз.