Ақтауда теңіз жағалауындағы сауда-саттық бақылауға алынды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда теңіз жағалауындағы сауда-саттық бақылауға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда теңіз жағалауындағы сауда-саттық бақылауға алынды

14-шағынаудандағы теңіз жағалауында кәсіпкерлер 10 жылдан бері ойын машиналары мен велосипедтерді жалға беріп, саудамен айналысып келеді.

Ақтау әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, енді сауданы реттеу және келбетін жаңа үлгіде жаңғырту мақсатында қала әкімдігіне қарасты шаруашылықты жүргізу құқығындағы «Ақбота» мемлекеттік комуналдық кәсіпорны құрылды. Мекеменің теңгеріміне 15 «А»,14 «А», 9 «А» шағынаудандары өтті. 15 «А» Самал шағынауданынан бастап, 15 шағынауданнан №4 үйге қарама-қарсы (1,7 шақырым) аумақ тұрғындардың серуендеуіне арналған. Онда ойнайтын көліктер мен сауда-саттық жасауға рұқсат берілмеген. Алдағы уақытта «Ақбота» саябағы мен жылы жағажай (солдатский пляж) да мекеме балансына беріледі. Кәсіпкерлер өз кәсібін заңды жүргізу үшін «Ақбота» мекемесімен шартқа отыру қажет.

Теңіз жағасында сауда-саттықты ретке келтіру үшін қала әкімдігі тұрғындар арасында сауалнама жүргізді. Онда серуендеуге және балаларға арналған ойын алаңында велосипед пен ойын машиналарын қай күндері жалға бергенін қалайтыны, сондай-ақ серуендеу және кәсіпкерлердің уақытша сауда-саттық алаңында сусын, балмұздақ сататын дүңгіршіктердің орнатылғанын құптайтыны не құптамайтыны сұралды.

Қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғалия Кенжебаеваның айтуынша, кәсіпкерлерге теңіз жағалауында саудамен айналысуға қала әкімдігі берген рұқсаттың аяқталуына байланысты, оларға орындарды босату туралы ескертпе қағаздар таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған хат БАҚ өкілдеріне, Ақтау қаласының прокуратурасына, Ақтау қаласы ІІБ, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасына, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне, Ақтау қаласы бойынша кірістер басқармасына да жіберілді.