Ақтауда теңіз жағалауынан итбалықтың өлексесі табылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Су жануарының өлексесі Самал-1 шағын ауданы аумағынан анықталды. Оны демалушылар байқап, әлеуметтік желіге жүктеген.

итбалық
Фото: Маңғыстау облыстық балық инспекциясы

- Бұл алғашқы оқиға емес. Мәселе ушықты. Халық жүретін жерде итбалықтар өліп жатыр, - деп жазды тұрғындардың бірі. 

Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері барып, итбалықтың өлексесін анықтаған.

Маңғыстау облыстық балық инспекциясы басқармасының мәліметінше, итбалық жоюға жіберілген. 

- 23-маусым күні сағат 13:20-да Ақтау қаласының Самал шағын ауданы тұсында, Каспий теңізі жағалауынан итбалықтың өлексесі табылды. Тексеру кезінде инспекция қызметкерлері мен жануарлар дүниесін қорғау қызметінің мамандары болды. Итбалық өлексесі жою үшін коммуналдық қызметке тапсырылды, - делінген хабарламада. 

Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі қызметі мамандарының айуынша, аталған итбалықтың өлгеніне шамамен 2 ай болған. 

- Өлексе қатты ыдыраған. Жалпы, теңіз жануарлары өлгеннен кейін, теңіздің түбіне түседі. Уақыт өте табиғи газ түзілу процестерінің нәтижесінде, өлексе су бетіне қалқып шығып, жел мен ағыстардың әсерінен жағаға шығып қалады. Соған қарағанда, алдын-ала болжам бойынша, итбалық шамамен екі ай бұрын өлген, - дейді мамандар. 

Бұған дейін, Маңғыстауда теңіз жағалауынан 279 итбалықтың өлексесі табылған болатын.

Соңғы жаңалықтар