Ақтауда теңіз жағалауында заңсыз пирс салмақ болғандардың жолы кесілді

АҚТАУ. KAZINFORM – Қала әкімшілігіне 4А шағын ауданындағы теңіз жағалауында пирс салынып жатқаны туралы мәліметті тұрғындар хабарлаған. Сондай-ақ олар арнайы техниканың құм төгіп жатқанын бейнежазбаға түсіріп алған. 

Ақтауда теңіз жағалауында заңсыз пирс салмақ болғандардың жолы кесілді
Фото: видеодан алынған скрин

— 15 қаңтар, жартас соқпақтарының жанында біреулер пирс салып жатыр. Түсініксіз. Бұған дейін де осындай жағдай болған еді. Енді міне, тағы қайталап жатыр. Оның үстіне таза топырақ та емес, құрылыс қалдықтарын төккен, - дейді тұрғын.

Ақтау қаласының әкімдігі жағалауда жүргізілген заңсыз жұмыстардың тоқтатылғанын мәлімдеді. 

— Тұрғынның бейнежазбасынан кейін әкімдік қызметкерлері дереу жағалауға барды. Тексеру барысында теңіз акваториясында топырақ төгу жұмыстары жүргізіліп жатқаны анықталды. Жауапты адам бұл жолдың акваторияны тереңдету мақсатында, пирске техника жеткізу үшін салынып жатқанын айтқан. Алайда, тиісті рұқсат құжаттары болмай шықты. Сондықтан әкімдік өкілдері оған жұмысты тоқтатып, учаскені бастапқы қалпына келтіруді тапсырды, - делінген хабарламада. 

Болған жайтты одан ары тексеріп, шара қабылдау үшін мәліметтер құзырлы органдарға берілді. 

Бұған дейін, Ақтауда теңіз жағасынан құстардың өлексесі табылғаны туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар