Ақтауда түрмеден қашқан 21 адамның 13-і әлі де іздестірілуде - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, қылмыстық істердің бірі қылмыскерлердің түрмеден қашу әрекетіне қатысты қозғалса, екіншісі қылмыстық атқару жүйесінің қызметтеріне қарсы оқ ату фактісіне байланысты болып отыр. Үшінші қылмыстық істі прокуратура органдары қылмыстық атқару жүйесінің қызметтеріне қатысты «қызмет бабында салақтық танытты» деген айыппен қозғап отыр.
«Қазіргі таңда аталмыш әрекеттердің барлығы тексерілу үстінде және олар Бас прокурордың назарында», деді ресми өкіл. Оның айтуынша, осы уақытта оқиға болған аймаққа тексеру- тергеу жұмыстарын жүргізу мақсатында құзырлы орган өкілдері аттанды. Түрмеден қашқан 21 адамның 13 -і әлі де іздестірілуде, деді Н. Сүйіндіков.