Ақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған 10 жасар қызды тапты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған 10 жасар қызды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлері жоғалған 10 жасар қызды тапты

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 2 мамыр күні сағат 21.00 шамасында 3-шағынауданда болды.

Ер адам қызын өз бетімен іздеп-табуға әрекеттенген. Бірақ күн батып бара жатқан соң, жауынгерлік топтар бойынша кезекші, аға лейтенант Ринат Әдіковке хабарласқан.

Қыз баланың жоғалғаны жөнінде бағыт-бағдар сол бойда жедел басқару орталығына берілген. Оны іздеуге жеке құрам түгелдей жұмылдырылған. 40 минуттан кейін Р.Әдіков пен қатардағы жауынгер Абай Санаев қызды №48 үйдің жанынан тапты.

Таяу маңдағы полиция пунктіне жеткізілген қыз ата-анасымен аман-есен қауышты.

6656-әскери бөлім командирі қырағылық көрсетіп, өз міндеттерін адал орындаған жауынгерлерді ынталандырды.