Ақтауда заңсыз салынған 107 құрылыс нысанының иесі жауапқа тартылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда заңсыз салынған 107 құрылыс нысанының иесі жауапқа тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуроратурасы өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда заңсыз салынған 107 құрылыс нысанының иесі жауапқа тартылды

Тексеру қорытындысы бойынша Ақтау қаласында 107 заңсыз құрылыс, яғни уәкілетті органның тиісті рұқсаты берілмеген нысан анықталып, 67 млн ​​теңге айыппұл салынды.

«Рұқсат құжаттары болмағандықтан, 107 заңсыз құрылыс нысаны иесі жауапкершілікке тартылды. Уәкілетті орган заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізді», - дейді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Мерген Меңдіғалиев.

Брифингіде үлескерлердің мәселелері де көтерілді. Заң бойынша құрылыс салушылар әкімдіктен үлескерлерден қаражат тартуға рұқсат алуы керек.

«Бірақ, олар заңның бұл процедураларын айналып өткен. Біз азаматтарға түсіндіріп келеміз. Алайда, көп адам елемейді, қауіп-қатерге басын тігіп, келісімшарттар жасайды», - дейді облыс прокуроры Руфат Құттыков.

Үлескерлердің ақшалай қаражатын заңсыз тартудың 6 фактісі анықталған. Компаниялар заң аясында тиісті рұқсат алмаса да, тұрғындармен келісім жасасқан. Оларға 5,2 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынды.

«Құрылыс салушылар нақты үш құжат беруі қажет. Біріншісі – үлескерлердің қаражатын тартуға әкімдік рұқсат бергені жөнінде. Жоспар бойынша 9 қабатты салу керек болса, алдымен соны салу керек, сосын әкімдік үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат береді. Екінші құжат – Қазақстан Республикасының кепілдік беру қорының рұқсаты. Ал үшіншісі – екінші деңгейлі банктердің рұқсаты», - дейді облыс прокурорының орынбасары Ержан Тұрмағамбетов.

Сонымен қатар, облыс орталығында заңсыз салынған нысандарды бұзу жөнінде сотқа 12 талап-арыз түскен. Қазір Бас прокуратураның тапсырмасымен тексеру жүргізіліп жатыр.