Ақтауда жаңа спорт сарайы салынады
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда көпфункционалды спорт сарайының іргетасы қаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа спорт кешені 17-ші шағын ауданнан бой көтереді. Спорт сарайының іргетасын қалау рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн және Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қатысты.
Cпорт сарайының құрылысы жобаға сәйкес үстіміздегі жылы басталады. Кешен 3 қабаттан тұрады және оның ішінде түрлі спорт түрлеріне арналған көрермендер залы, таэквондо, дзюдо және ауыр атлетика жаттығуларына арналған зал, үлкен бассейн, дене шынықтыру мен сауықтыру шараларына, хореография мен гимнастикаға арналған бөлмелер орналасқады. Сонымен қатар, шағын футбол, баскетбол, волейбол, теннис және жеңіл атлетикаға арналған көп қызметті ашық алаңдар да қарастырылған.
«Бірліктің арқасында тәуелсіздігіміз нығайып, еліміздің аты әлемге танылып жатыр», - деді салтанатты рәсімде сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жаңа спорт орталығында 1500 орындық көп қызметті зал орналасатын болады.