Ақтауда жаңбырдан кейін көшелерді су басты

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласында толассыз жауған жаңбырдан кейін бірнеше орталық көшеде су жиналды. Қалада жаңбыр суын сору жұмысы жүргізіліп, жауапты мекемелерге жолдарды ретке келтіру тапсырылды.

Ақтауда жаңбырдан кейін көшелерді су басты
Фото: видеодан алынған скрин

7 қарашада Ақтау қаласында жауын-шашын салдарынан бірқатар орталық жолда жаңбыр суы жиналған. Осыған байланысты Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров жолдарды күтіп ұстауға жауапты «Green City Aktau» ЖШС директорының жұмысына сын айтып, ескерту жасады.

Ақтауда жаңбырдан кейін көшелерді су басты
Фото: видеодан алынған скрин

Қалалық әкімдіктің таратқан ақпаратына сүйенсек, облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемеге жұмыстарды күшейтіп, су жиналған аумақтарды жедел ретке келтіруді тапсырды.

— Су жиналған аумақтарды ретке келтіру үшін жеке кәсіпкерлерді жұмылдырыңыздар. Дәл қазірден бастап техника санын көбейтіңіздер, — деді аймақ басшысының орынбасары Бекбол Орынбасаров.

Қазіргі уақытта Ақтау қаласының 31-шағынауданындағы «Hazar Bazary» сауда базары маңында жаңбыр суын сору жұмысы жүргізіліп жатыр. Облыс аумағындағы су жиналған учаскелерде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де жұмыс істеп жатыр.

Маңғыстау облыстық ТЖД мәліметінше, 8 қарашада өңірде жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауға шақырды.

Айта кетейік, 8 қарашада елдің 17 облысында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктер жауын-шашын, көктайғақ, тұман, желдің күшеюі және жоғары өрт қаупі болатынын болжайды.