16:53, 07 Ақпан 2019 | GMT +5
Ақтауда жаппай сүйісу шарасы өтеді деген ақпарат жалған - әкімдік
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудағы сауда орындарының бірінде жаппай сүйісу шарасы өтетіні туралы ақпарат жоққа шығарылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін 14 ақпан күні «Akkala mall» сауда үйінде осындай шара болатыны туралы ақпарат жергілікті БАҚ беттерінде жарияланған еді. Яғни, әулие Валентин күніне орай жаппай сүйісу шарасы болады деп жоспарланған. Оған ғашықтар қатысуға болады делінген.
Бұл хабарға желі қолданушылары қарсылық білдіріп, мұның ұлттық менталитетке жат қылық екенін айтып, жарыса жазды.
Дегенмен, бүгін Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жансая Исмағұлова Фейсбуктегі парақшасында ақпараттың жалған екенін хабарлады.
«Құрметті Ақтау қаласының тұрғындары! Шаһардағы сауда орталықтарының бірінде жаппай сүйісу шарасы болады деген ақпарат шындыққа сай емес. Сондықтан алаңдауға ешқандай негіз жоқ деп есептеймін»,- деп жазды ол.