Ақтауда жас суретшілер симпозиумы басталды
«Өткізіліп отырған симпозиумның мақсаты - өңірдегі суретшілердің біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу. Сондай-ақ жастардың сурет өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Маңғыстау облысы - шалғайда орналасқан, яғни Алматы, Астана сияқты мәдени ошақтардан алыста. Бізге мұнда шеберлік сағаттарын өткізіп тұру маңызды. Өйткені суретшілеріміздің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай шаралар көп болуы керек», - дейді ұйымдастырушылардың бірі «Ақтау қалалық суретшілер одағының» мүшесі Тынышбек Балтабаев.
Симпозиумның алғашқы күні студияда өтсе, екінші күні Бозжыра шатқалында ұйымдастырылады. Онда суретшілер табиғат аясына этюд салудың тың тәсілдерін меңгеретін болады.
«Өзбекстаннан осы симпозиумға арнайы шақырылған қонақпын. Келгендегі мақсатымыз - неше жылдық жинаған тәжірибемізбен бөлісіп, керек жерінде өзімізге де қажетті дүниелерді алу. Маңғыстау өңіріне келіп, картиналармен танысқанымда суретшілердің үлкен потенциалы бар екенін көрдім. Олардың әртүрлі түстерді араластырып, жаңа рең алуы өте керемет. Бұл жерде Маңғыстаудың табиғаты да ерекше рөл ойнайды. Себебі мұнда сарғыш, қоңыр түстің өзінің сан алуан түрі бар», - деді суретші Шавкат Маматкаримов.