Ақтауда жедел жәрдем қызметкерлері планшетпен жабдықталды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қалалық жедел жәрдем бригадасына құны 11 миллион теңге болатын 20 планшет тарту етілді. Планшеттер жедел жәрдем стансасы диспетчерлік қызметінің «АДИС» БК автоматтандыру бағдарламасымен интеграцияланған, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қымбат планшеттер алынды, оған жедел жәрдем кезеңіндегі медициналық көмек көрсетудің барлық стандарттары енгізілген. Дәрілік заттардың атауы мен мөлшерлемесі көрсетілген фармацевтикалық анықтама және медициналық анықтама бар. Планшеттер арқылы диспетчерлік орталықпен спутниктік байланыс орнатуға болады, әр бригадаға түскен шақыртулардың уақыты тіркеледі және өзге де қызметтер онлайн жүзеге асырылады», - деп түсіндірді «Ақтау қалалық жедел жәрдем және жедел медициналық көмек стансасы» ШЖҚ МКК директоры Болат Тайшыбаев.
Ал жедел жәрдем көліктері науқасқа тезірек жету мақсатында GPS-навигация жүйесімен жабдықталған.
Көмек бригадасына берілген жақсы көлік табысты жұмыстың кепілі екені белгілі. Жақын күндері Маңғыстау облысының ауруханаларына 11 дана «ВАЗ» маркалы автокөліктері берілді. Олардың арасында Жетібай, Мұнайлы және Қарақия аудандарының ауылдары, Форт-Шевченко қаласы және өзге де елді мекендер бар.