Ақтауда жыл басынан бері 1 598 жұп неке қидырған

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Отбасы күні Ақтау қаласында жаңадан отау құрған 7 ерлі-зайыптыға салтанатты түрде неке куәлігі тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтауда жыл басынан бері 1 598 жұп неке қидырған

Неке қию куәлігін тапсыру салтанатына қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов қатысты.

«Сіздерді заңды некелеріңізбен құттықтаймын. Жыл басынан бері Ақтауда 1 598 жұп неке қидырды. Бір-біріңізді құрметтеңіздер. Сіздерге зор денсаулық және көпбалалы ата-ана болуды тілеймін», - деді Әбілқайыр Байпақов.

Қалалық АХАТ бөлімінің мәліметінше, бір күнде 33 жас жұбай неке қиған.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда қыркүйектің әрбір екінші жексенбісі Отбасы күні атап өтіледі. Биыл бұл күн 11 қыркүйекте тұспа-тұс келді.