Ақтаудағы ауыз судың тапшылығына зауыттардағы апатты жағдайлар себеп болған
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласының тұрғындары 5 күннен бері ауыз су тапшылығын көруде. 16-шағын ауданнан бастап 35-шағын ауданға дейінгі аралықта және Шығыс шағын аудандарына берілетін судың қысымы төмен. Соның салдарынан кейбір тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарына ауыз су көтерілмей жатыр. Кеше 19-шағын ауданның тұрғындары 3 күннен бері ауыз сусыз қалғандарын айтып, жиналған еді.

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тнәлиев журналистерге брифинг өткізіп, ауыз суға қатысты ахуалды мәлімдеді. Шаһар басшысының айтуынша, мәселе тек аталған шағын аудандарға қатысты. Қаланың басқа бөлігінде ауыз су тапшылығы жоқ. Әкімнің сөзінше, соңғы 5 күнде 5 апат болған. Соған байланысты «ЦУВС-4» су жинайтын орталыққа келетін судың көлемі азайып кетті. Сондықтан судың қысымы төмендетілген.

– Ақшұқыр ауылында орналасқан Ақтау су тұщыту зауытында 2 насос істен шықты. Оның біреуін түнде қайта қосты. Екіншісін де қосуға жұмыстанып жатыр. Екінші жағдай, Каспий су тұщыту зауытында трансформатор істен шықты. Міне, осы екі зауыттан келетін судың көлемі азайды. Оған қоса, тағы бір мәселе өздеріңіз білетіндей, Ақтауда тек Каспий теңізінің суы тұщытылып, халыққа беріледі. Күн ысып, теңіз суының температурасы көтерілгесін, «МАЭК» кәсіпорнының ауыз су өндіру көлемі төмендеп кетті. Себебі, олар суды мұздатып, содан соң тұщытады. Оның үстіне жаз басталғалы ауыз суды тұтыну көлемі 2 есе артты, - дейді қала әкімі Ұлықбек Тнәлиев.
Қала әкімінің айтуынша, ақтаулықтар қыс мезгілінде тәулігіне 32 мың текше метр су тұтынады. Ал жазда сұраныс 52 мың текше метр. Демек, қазір шаһарға 20-25 мың текше метр су жетпей отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2015-жылы Ақтауда 186 мың тұрғын болған. Ал, қазір 284 мың адам тұрады. Оған қоса, жазда Ақтауға 400 мыңға жуық турист келеді. Сол себепті қаланың сумен қамту желілеріне үлкен салмақ түсіп тұр.
Оның үстіне Ақтаудың инфрақұрылымы тозған. Оның ішінде су желілері 88 пайызға ескірген. Шаһар басшысының сөзінше, инфрақұрылымды жаңартудың арнайы жобасы қабылданып, жұмыстар басталды. Ал, ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында бірнеше жоба жүзеге асып жатқанын жеткізді. Еске салсақ, бұған дейін бұл туралы жазған едік.
Сондай-ақ Ақтау қаласында көлік жуу орталықтарының иелеріне ауыз суды үнемдеу үшін, 08-00 мен 13-00 аралығында қызмет көрсету ұсынылған. Қала әкімінің сөзінше, 1 апта көлемінде ақаулар жойылып, ауыз судың қысымы көтеріледі.