Ақтаудағы ауыз су тапшылығы қашан шешіледі
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда ауыз су тапшылығы әлі де өзекті. Жергілікті билік тапшылық тек жаз айларында дегенімен күздің екінші айы болса да, әлі күнге дейін ауыз судың қысымы төмен, сусыз отырған тұрғындар бар.
— Осы 27-ші шағынауданның 28, 39 және 40-үйлерінде су мәселесі өзекті. Бізде қысым өте төмен. Бірінші, екінші, үшінші қабаттарда су болуы мүмкін, ал одан жоғары қабаттағы пәтерлерге мүлдем су келмейді, — дейді Ақтау қаласының тұрғыны Болатбай Аташев.
Атқамінерлер қалада ауыз су тапшылығын жою үшін тамыз айының соңына дейін бірқатар жоба іске қосылатынын мәлімдеген болатын. Бірақ, кейбірінің аяқталу мерзімі кейінге шегерілген. Мәселен, Каспий су тұщыту зауытын кеңейту жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Бұған дейін 20 мың текше метр ауыз су өндіріп тұрған кәсіпорынның қуаты жоспар бойынша 40 мың текше метрге жетуі қажет.
— Жабдықтар кеш жеткізілді. Сондықтан жобаны қараша айының соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол кезде зауыт тәулігіне 40 мың текше метр су өндіретін болады. Қазіргі таңда жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Жалпы кәсіпорын Мұнайлы, Қарақия аудандары мен Ақтау қаласы аумағындағы жылы жағажайды ауыз сумен қамтиды. Алдағы уақытта Ақтау қаласына да су беретін боламыз, — дейді зауыт директоры Серік Гусман.
Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, аймақта ауыз суға қатысты ахуал әлі де күрделі.
Облысқа орта есеппен тәулігіне 173 000 шаршы метр су қажет. Қазіргі таңда ауыз су тапшылығы тәулігіне 54 000 шаршы метрді құрап отыр.
Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде қуаты тәулігіне 140 500 шаршы метр болатын 9 су тұщыту зауыты мен қондырғы құрылысы, 1 қондырғының жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өңірде су тұщыту зауытын салуға ниетті 2 шетелдік компанияның зерттеу жүргізіп жатқанын айтқан болатын.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысында су тұшытатын зауыт салып беруге ниетті инвесторлар көп. Бірақ, олардың ұсыныстары әкімдікке ұнап отырған жоқ.
— Себебі, олар «зауыт салып береміз, сатып аласыздар» дейді. Ол бізге керек емес. Біз «зауыт салыңыздар, монополияға қарсы мемлекеттік органдар тарифіңізді бекітіп береді. Сол бағамен халыққа сатасыздар» дейміз. Қазір екі шетелдік компания келіп, зерттеу жүргізіп жатыр, — деді өңір басшысы.
Әкім осы жаз айларында өңірдегі су тапшылығы тәулігіне 77 мың текше метрге жеткенін айтады. Сондықтан тәулігіне 20 мың текше метр су тұшытатын Каспий су тұшыту зауытының мүмкіндігі кеңейтіліп жатыр.