Ақтаудағы МАЭК кәсіпорнында екі жұмысшының қышқылдан күйіп қалу себебі анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында «МАЭК» ЖШС кәсіпорнында екі жұмысшының тұз қышқылынан күйік алуына байланысты жазатайым оқиғаға жүргізілген тергеу аяқталды. Тексеру барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға биыл 23 сәуірде кәсіпорынның №1 цехында болған. Екі жұмысшы тұз қышқылынан күйік алған.
Тергеу нәтижесінде оқиғаның негізгі себептері ретінде қауіптілігі жоғары жұмыстардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, жұмысқа рұқсат беру нарядының болмауы, қызметкерлердің қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеуі және жауапты тұлғалар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі анықталған.
Сонымен қатар комиссия зардап шеккен жұмысшылардың да кінәсін белгіледі. Олар қауіпсіздік талаптарын біле тұра, қорғаныш көзілдірігінсіз жұмысқа кіріскен және қауіпті жағдайда жұмысты орындаудан бас тартпаған.
Тергеу қорытындысы бойынша оқиға еңбек қызметіне байланысты жазатайым жағдай деп танылды. Комиссия жұмыс беруші, жауапты лауазымды тұлғалар мен зардап шеккен қызметкерлер тарапынан заңбұзушылықтар болғанын анықтады.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жұмыс берушіге қауіпті жұмыстарға рұқсат беру нарядтарын міндетті түрде рәсімдеу, жеке қорғаныс құралдарын пайдалануды қамтамасыз ету, қауіпті жұмыстарды орындау тәртібін қайта қарау және қызметкерлерге қосымша оқыту жүргізу ұсынылған.
Сондай-ақ өндірістік бақылауды күшейтіп, кінәлі лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау тапсырылды.
Бұған дейін, Ақтаудағы «МАЭК» ЖШС-де тұз қышқылының шашырауынан 2 қызметкер зардап шеккенін жазған болатынбыз.