Ақтаудағы астық терминалының қуаты кеңейетін болады - А. Күрішбаев
АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Ақтау қаласындағы астық терминалының өткізу қуаты кеңейе түсетін болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі диқаншылықты дамыта отырып, ең алдымен азық-түлік астығының экспортқа бағдарлануына күш салу қажет. Ашық мойындау керек, біз осы мәселеде мүлдем артта қалып отырмыз. Өйткені, қолданыстағы көлік логистикасы астық өндірісінің артып келе жатқан экспорттық әлеуетіне сәйкес келмейді. Қазіргі күні Ирандағы Әмірабадта астық терминалының құрылысы аяқталуға жақын, Қытаймен шекара маңында да осындай терминал салу жоспарда бар. Сонымен бірге, Ақтау қаласындағы астық терминалының қуатын арттыра түсу туралы шешім қабылданды. Қара теңіз порттарынан осыған сәйкес инфрақұрылымды иелену туралы ұсыныстар бар», деді А. Күрішбаев. Министрдің айтуынша, қазіргі күні Түрікменстан мен Иран арқылы теміржол көлігін пайдаланып астық экспортына балама бағыттарды құру мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. «Сондықтан да, алдағы уақытта астық экспорты үшін көлік логистикасын ұйымдастыруда үлкен шаруалар атқарылатын болады», деді министр.