Ақтаудың көлік жуу орындарында ауыз суды заңсыз ысыраптап, мөлшерден тыс пайдаланғандар анықталды

Суды үнемдеу
Фото: Pixabay.com

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда ауыз су тапшылығына орай, суды өндіруші және оны жеткізуші мекемелердің қызметкерлері, көлік жуу орындарын тексерді. Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Мәселен, 29 кәсіпкерлік нысанның ауыз суды пайдалануға рұқсат құжаттары болмай шықты. Ал, тағы бірнешеуі келісімшартта суды аз көлемде көрсеткен, бірақ өздері көп мөлшерде тұтынып отыр.

Су өндіруші кәсіпорынның баспасөз қызметінің хабарлауынша, орташа есеппен алғанда, әрбір көлік жуу орны тәулігіне 30 текше метрден астам су тұтынады. Ал, бұл автокөлік жуу орындары көлік жуу қызметіне шарттары болмаса да тәулігіне 870 текше метрден астам су тұтынып отыр. 

Сондықтан мамандар көлік жуу үшін, ауыз суды заңсыз пайдаланған бірнеше кәсіпкерлік нысанға су беруді тоқтатты. 

Бұған дейін Ақтау қаласының әкімі көлік жуу орталықтарының иелерін ауыз суды үнемдеуге шақырған болатын.

Соңғы жаңалықтар