Ақтауға дейін Қазақстанның барша аумағымен темір жол желісін салу керек - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мультимодальды, жоғары жылдамдықты «Еуразиялық трансконтинентальды дәліз» құрылуы тиіс. Бүгін Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

 Ақтауға дейін Қазақстанның барша аумағымен темір жол желісін салу керек - Президент

«Мультимодальды, жоғары жылдамдықты «Еуразиялық трансконтинентальды дәліз» құрылуы тиіс. Бұл тұрғыда Қытайда немесе Жапониядағы сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүруді айтып тұрғаным жоқ. Яғни, жолдағы түрлі қолдан жасалған кедергілерді жою керек»,-деді Елбасы.

Оның айтуынша, Еуразиялық дәліз екі бағыт бойынша өтеді. Біріншісі, Қазақстан аумағы арқылы Ресейге және ары қарай Еуропаға, ал екіншісі, «Қорғастан» бастап Қазақстан аумағымен «Ақтау» портына дейін, одан ары Каспий теңізімен Кавказ бен Еуропаға, сондай-ақ оңтүстікке Иран арқылы Парсы шығанағына бағытталған.

Президент жоба аясында «Ақтау» теңіз портына дейін Қазақстанның барша аумағымен жаңа темір жолы желісін салу керектігін атап өтті. Бұл орайда Қытай шекарасынан тікелей салынатын бұл жол жөнінде тиісті келіссөздер басталғанын айта кеткен жөн.